1. Біз туралы
HiSuite және оған қатысты технологиялар мен функциялар (бәрі бірге — «Қызметтер») Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған Huawei Device Co., Ltd. компаниясы (әрі қарай — Huawei немесе «біз») тарапынан басқарылады, оның заңды мекенжайы: No. 2 Xincheng Road, Songshan Lake District, Dongguan, Guangdong Province, Қытай. Бұл Келісімде (төменде анықталғандай) «сіз» және «пайдаланушы» сөздері Қызметтерді пайдаланатын және/немесе оларға қатынасатын кез келген тұлғаны білдіреді.
2. Келісімнің мақсаты
Бұл пайдаланушы келісімі, құпиялық ескертпесі және мәлімдемесі (оны телефоныңызда HiSuite > Туралы тармағына өту арқылы көруіңізге болады), сондай-ақ, Қызметтер арқылы жарияланған немесе қолжетімді етілген өзге саясаттар мен ақпарат (бәрі бірге - «Келісім») Қызметтерді пайдалануыңызға және оларға қатынасуыңызға қатысты сізге қолданылатын шарттар мен талаптар болып табылады. Бұл Келісім сізге біздің кім екенімізді, Қызметтерді сізге қалай жеткізетінімізді, Қызметтерге қатысты қандай іс-шаралардың рұқсат етілгенін немесе етілмегенін, қызмет жөнінде мәселе туындаған жағдайда не істеу керек екенін және өзге маңызды ақпаратты айтады. Осы Келісімді мұқият оқып шығыңыз. Қызметтерді пайдалану арқылы сіз бізбен міндеттеуші құқықтық келісімге отырасыз. Егер Келісімді қабылдамасаңыз, Қызметтерді пайдаланбауыңыз қажет.
3. Жас сәйкестігі
Қызметтердің қандай да бірін пайдалану немесе оларға қатынасу үшін жасыңыз 18-де не одан асқан болуы қажет немесе өзіңіз тұратын аймақтың құқықтық юрисдикциясы бойынша кәмелеттік жасына толған болуға тиістісіз. Егер 18 жасқа немесе кәмелеттік жасына толмаған болсаңыз, Қызметтерді пайдала алуыңыз үшін сіздің ата-анаңыз немесе заңды қамқоршыңыз сіздің атыңыздан Келісім шарттарын қабылдауы керек.
4. Қызметтерге қатынасу
Біз сізге осы Келісімге сай Қызметтерге қатынасу және оларды пайдалану үшін шектеулі, эксклюзивті емес, тапсыруға болмайтын, сублицензиялауға болмайтын және қайтарып алуға болатын лицензияны береміз.
5 Қызметтер
Windows ДК үшін Қызметтер келесіні қамтамасыз етеді:
(1) «Менің құрылғыларым»: телефоныңызда контактілерді, SMS хабарламаларын, кескіндерді, бейнелерді және файлдарды импорттауға, экспорттауға, жоюға және жаңартуға, қолданбаларды жаңартуға және жоюға, Outlook қолданбасынан контактілер мен оқиғаларды синхрондауға мүмкіндік береді.
(2) «Деректердің сақтық көшірмесін жасау»: контактілердің, SMS хабарламаларының, қоңырау журналдарының, ескертпелердің, жазбалардың, оқиғалардың, музыканың, бейнелердің, құжаттардың, қолданбалар мен деректердің, жүйелік құрылғылардың және құпиясөздер қоймасының сақтық көшірмесін жасауға мүмкіндік береді.
(3) «Деректерді қалпына келтіру»: жоғарыда аталған деректердің сақтық көшірмелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
(4) «Жүйе жаңартулары»: телефоныңызда бағдарламалық жасақтама жаңартуы мен кері қайтаруды орындауға мүмкіндік береді. Қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін жүйелік бағдарламалық жасақтаманы уақытылы жаңартуыңыз қажет.
(5) «Жүйені жөндеу»: жүйені жөндеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Егер телефоныңызда жүйе ақауы орын алса, мысалы, оның қуатын қосу мүмкін болмаса, жүйені жөндеу үшін осы мүмкіндікті пайдалану ұсынылады.
Mac үшін Қызметтер келесіні қамтамасыз етеді:
(1) «Менің құрылғыларым»: телефоныңызда контактілерді, SMS хабарламаларын, кескіндерді, бейнелерді және файлдарды импорттауға, экспорттауға, жоюға және жаңартуға мүмкіндік береді.
(2) Деректердің сақтық көшірмесін жасау: контактілердің, SMS хабарламаларының, қоңырау журналдарының, ескертпелердің, жазбалардың, оқиғалардың, музыканың, бейнелердің, құжаттардың, қолданбалардың және деректердің, жүйелік құрылғылардың және құпиясөздер қоймасының сақтық көшірмесін жасауға мүмкіндік береді.
(3) Деректерді қалпына келтіру: деректердің жоғарыда аталған сақтық көшірмелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Қызметтер тек ресми операциялық жүйелермен жұмыс істейтін телефондарға арналған. Бейресми операциялық жүйелерді пайдаланатындарға Huawei қызмет сапасы бойынша ешқандай кепілдік бермейді.
Қызмет қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде Қызметтердің ең жаңа нұсқасының бар-жоғын тексеріп тұруға кеңес беріледі, онда бағдарламалық жасақтама жаңартуы не нұсқа жаңартуы орын алуы мүмкін.
6. Пайдалану шарттары
Қызметтерге қатынасу және оларды пайдалану арқылы сіз мұны заңды және этикалық түрде әрі осы Келісімге сай істеуге кепілдік бересіз және келісесіз. Сіз осымен Қызметтерді мыналар үшін пайдаланбайтыныңызды растайсыз және келісесіз: Қызметтерді пайдалануыңызға қатысты шын емес, жала жабатын, зиянкес, қорлаушы, әдепсіз, заңды бұзатын, бопсалаушы, мазалайтын, жанжалды, жек көрушілікке қатысты, арандатушы, қорқытатын, заңсыз, Құдайға тіл тигізетін, порнографиялық, құпиялыққа қол сұғатын немесе басқалай қалаусыз материалды тарату немесе қандай да бір орынсыз әрекетке қатысу, соның ішінде, бірақ олармен шектелмей, заңсыз әрекетке септесетін кез келген нәрсе, ашық сексуалды кескіндерді көрсететін, қатыгездікті ынталандыратын, кемсітетін, заңсыз, я болмаса қандай да бір тұлғаға немесе мүлікке зақым немесе жарақат тигізуі мүмкін немесе тигізетін, қолданыстағы заңдар бойынша қандай да бір азаматтық немесе қылмыстық жауапкершілікті тудыруы мүмкін кез келген нәрсе, соның ішінде, бірақ олармен шектелмей, сіз жариялауға немесе тасымалдауға құқылы емес материал, я болмаса құпиялық міндеттемесін және/немесе үшінші тараптың зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын кез келген материал.
Сіз осымен келесілерге келісесіз және міндеттенесіз:
(1) Өзіңіздің атыңыздан немесе басқа адамдардың атынан Қызметтердің қандай да бір бөлігінен қандай да бір авторлық құқықты, сауда белгісін немесе басқа жеке меншік ескертулерін алып тастамау.
(2) Қызметтерді толықтай немесе қандай да бір бөлігін көшірмеу немесе өзгертулер енгізбеу, Қызметтердің немесе олардың қандай да бір бөлігінің басқа бағдарламалармен бірігуіне немесе оларға енгізілуіне жол бермеу;
(3) Қызметтердің немесе оларға қатысты жүйелердің немесе желілердің ешбір аспектісіне рұқсатсыз қатынас алмау немесе рұқсатсыз қатынас алуға, я болмаса зиян тигізуге әрекеттенбеу;
(4) Қолданыстағы заңдармен тыйым салынбаған жағдайдан өзге жағдайларда Қызметтердің барлық немесе қандай да бір бөліктерін бөлшектемеу, декомпиляцияламау, кері инжинирингін жасамау немесе олардың негізінде туынды жұмыстар жасамау немесе осындай әрекеттерді жасауға талпынбау;
(5) Қызметтерді таратпау, лицензияламау, лизингке бермеу, сатпау, қайта сатпау, тапсырмау, көпшілікке көрсетпеу, көпшілікте орындамау, тасымалдамау, ағындатпау, трансляцияламау немесе басқалай пайдаланбау;
(6) Қызметтерді тұтастай немесе ішінара (соның ішінде нысандық және бастапқы кодты) ешбір түрде ешбір тұлғаға алдын ала жазбаша келісімімізсіз қамтамасыз етпеу немесе басқалай қолжетімді етпеу;
(7) Ешбір тұлғаны кейіптемеу, я болмаса бір тұлғамен немесе нысанмен байланысыңыз туралы жалған мәлімдеме жасамау немесе басқалай дұрыс емес түрде көрсетпеу;
(8) Қызметтерді (немесе олардың қандай да бір бөлігін) қандай да бір заңсыз жолмен, қандай да бір заңсыз мақсатта немесе Келісімге сәйкес келмейтін қандай да бір жолмен пайдаланбау, сондай-ақ, алаяқтық немесе зиянкестік тұрғыда, оның ішінде, бірақ мұнымен шектелмей, Қызметтердің жүйесін (не Қызметтерге сілтенген веб-сайттарды) немесе қандай да бір жұмыс жүйесін хакерлік жолмен бұзбауға немесе оған зиянкес кодты, оның ішінде вирустарды немесе зиянды деректерді енгізбеу;
(9) Қызметтерге қатынасуыңызға және/немесе оларды пайдалануыңызға қатысты біздің зияткерлік меншік құқықтарымызды немесе қандай да бір үшінші тараптың зияткерлік меншік құқықтарын бұзбау;
(10) Пайдаланушылардың ақпаратын жинамауға немесе Қызметтерге не біздің жүйелерімізге автоматтандырылған әдістердің көмегімен өзге жолдармен қатынаспауға немесе Қызметтерді жұмыс істететін серверлерге не серверлерден жасалатын жіберілімнің шифрін ашуға талпынбау;
(11) Қызметтердің ақпарат скрейпингін жасау немесе Қызметтерден профильдерді және басқа деректерді басқалай көшіру үшін бағдарламалық жасақтаманы, құрылғыларды, сценарийлерді, роботтарды немесе кез келген басқа құралдарды немесе процестерді (соның ішінде кроулерлерді, браузер плагиндерін және қосылатын модульдерін немесе қандай да бір басқа технологияны не қолмен орындалатын жұмысты) әзірлемеу, қолдамау немесе пайдаланбау;
(12) Алдын ала жазбаша келісімімізсіз Қызметтерді коммерциялық жолмен пайдаланбау;
(13) Қызметтерді атыс қаруларын, есірткілерді, заңсыз заттарды немесе басқа да тыйым салынған заттарды сату секілді заңсыз іскери операцияларға қатысу үшін пайдаланбау;
(14) Құмар ойындар туралы ақпарат бермеу немесе басқа адамдарды қандай да бір әдіспен құмар ойнауға ынталандырмау;
(15) Логин ақпаратын сұрамау немесе басқа біреудің тіркелгісіне қатынаспау;
(16) Ақша ізін жасыруға, заңсыз қолма-қол алғытөлемдерге немесе пирамидалық сату схемаларына қатыспау;
(17) Осы Келісімді (немесе оның қандай да бір бөлігін) бұзуға әрекеттенбеу, септеспеу немесе ынталандырмау; және
(18) Қызметтерді, жүйелерімізді зақымдауы, өшіруі, артық жүктеме түсіруі, зиян тигізуі немесе қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін болған ешбір түрде, я болмаса басқа пайдаланушыларға немесе қандай да бір басқа тараптың компьютерлік жүйелеріне кедергі келтіретін түрде пайдаланбау, я болмаса Қызметтерге немесе Huawei мазмұнына (төменде анықталғандай) не деректеріне хакерлік жолмен кірмеу немесе рұқсатсыз қатынас алмау.
7. Huawei мазмұнын пайдалану
Huawei және/немесе оның лицензиарлары Қызметтерде немесе солар арқылы қолжетімді етілген ақпарат (кез келген түрдегі, соның ішінде, бірақ олармен шектелмей, мәтін, графика, бейне және аудио), кескіндер, белгішелер, қолданбалар, дизайндар, бағдарламалық жасақтамалар, сценарийлер, бағдарламалар, авторлық құқықтар, сауда белгілері, сауда атаулары, логотиптер және басқа материалдар мен қызметтер, соның ішінде интерфейстің сыртқы көрінісі (бәрі бірге «Huawei мазмұны» деп аталады) бойынша барлық құқықтарды және мүліктік құқықтарды сақтайды. Осы Келісімде басқаша көрсетілмесе, Қызметтердің кез келгеніне қатынасуыңыз және/немесе оларды пайдалануыңыз сізге немесе кез келген басқа тұлғаға Қызметтер немесе олардың мазмұны бойынша ешбір меншік құқығын немесе басқа құқықтарды бермейді.
Huawei мазмұнына ешбір өзгеріс, көшірме, үзінді, модификация немесе толықтыру енгізуге немесе оны сатуға, көшіруге, таратуға, лицензиялауға немесе Huawei мазмұнын теріс қолдануға болмайды. Huawei мазмұнының қандай да бірін қайта жариялағыңыз, үзіндісін не көшірмесін жасағыңыз, таратқыңыз немесе басқалай пайдаланғыңыз келсе, осы Келісімде ашық түрде басқалай көрсетілмеген болса, бізге алдын-ала хабарласуыңыз және бізден алдын ала жазбаша келісім алуыңыз керек. Бұл сізде қолданыстағы міндетті заңдар бойынша болатын ешбір құқықты шектемейді.
Егер Қызметтер немесе олардың қандай да бір бөліктері қандай да бір авторлық құқықты, сауда белгісін, патентті, сауда құпиясын немесе өзге зияткерлік меншік құқығын бұзуда деп ойласаңыз немесе егер Қызметтерге қатысты өзге мәселелеріңіз болса, осы Келісімде қамтамасыз етілген байланыс ақпаратының көмегімен бізге хабарлаңыз.
8. Мазмұныңыз
Қызметтерге не Қызметтер арқылы немесе өзге жолмен сіз жүктеп салатын, жариялайтын мәтін, құжаттар, суреттер, фотосуреттер немесе өзге ақпарат (бәрі бірге - «Мазмұныңыз») бойынша жеке меншік құқығыңызды сақтайсыз. Сіз өз Мазмұныңызға толығымен жауаптысыз.
9. Қызметтерді бақылау
Келісім шарттарын орындауыңызды қамтамасыз ету және қолданыстағы заңды немесе кез келген сот бұйрығын не талабын, сот шешімін, әкімшілік немесе өзге мемлекеттік органның талаптарын сақтау үшін қолданыстағы заңдар мен нормативтерге сәйкес Қызметтерді басқару және жетілдіру (оның ішінде, бірақ мұнымен шектелмей, алаяқтықты болдырмау, қауіп-қатерді бағалау, зерттеу және тұтынушыларға қолдау көрсету) мақсатында қажетті шараларды қабылдау құқығын сақтайтынымызды түсінесіз.
10. Құпиялық және деректерді жинау
Сізге бұрынғыдан да сенімді қызметтерді жеткізіп, транзакцияларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Huawei сіздің жеке ақпаратыңызды Қызметтердің құпиялық ескертпесі мен мәлімдемесіне сәйкес жинайды және өңдейді.
11. Жауапкершіліктен бас тарту туралы мәлімдеме
Қызметтер тек сіздің пайдалануыңызға арналған және оларды ешбір үшінші тарап пайдаланбауы керек. Huawei және оның еншілес компаниялары, лауазымды тұлғалары, директорлары, қызметкерлері, мердігерлері, агенттері, үшінші тараптық төлем жеткізушілері, серіктестері, лицензиарлары және дистрибьюторлары (бәрі бірге - «Huawei тараптары») Қызметтерді рұқсат етілмеген түрде пайдалану себебінен туындайтын шығындардың ешбіріне жауапты болмайды.
Қызметтерді пайдалануыңыз біздің бақылауымыздан тыс себептерден белгісіз уақыт мерзіміне үзілуі, кешігуі немесе кідіруі мүмкін. Сіз Huawei тараптарының осындай үзілулерден, кешігулерден, кідірулерден немесе осыған ұқсас ақаулықтардан туындайтын шағымдардың ешбіріне жауапты болмайтынына келісесіз.
Келесі себептерден Қызметтерге қатынаса алмасаңыз немесе оларды пайдалана алмасаңыз, орын алған барлық шығындар үшін Huawei тараптары сіздің алдыңызда немесе кез келген басқа тұлғаның алдында қолданыстағы заңдармен барынша рұқсат етілетін шамада жауапты болмайды:
(1) Техникалық қызмет көрсету немесе жүйелерді, бағдарламалық жасақтаманы не жабдықты жаңарту жұмысын орындау үшін Huawei-дің Қызметтерді уақытша немесе біржола тоқтатуы;
(2) Huawei-ден өзге тұлғалардың меншігі болып табылатын жүйенің немесе байланыс желісінің кешігуі немесе ақаулануы;
(3) Huawei және оның үшінші тараптық төлем қызметінің жеткізушілері арасындағы қандай да бір келісімшарттың немесе өзге келісімдердің уақытша тоқтатылуы, жойылуы немесе біржола тоқтатылуы;
(4) Хакерлік шабуылдар немесе қауіпсіздіктің ұқсас жолдармен бұзылуы себебінен туындайтын қателер не үзілулер; немесе
(5) Huawei-дің қисынды бақылауынан тыс кез келген өзге себеп.
Қызметтер ешбір таныстырусыз немесе пайымдаусыз «өз күйінде» және «қолжетімді түрде» жеткізіледі. Huawei тараптары қолданыстағы заңдармен барынша рұқсат етілген шамада кез келген түрдегі тікелей немесе тұспалданған барлық кепілдіктерден, жағдайлардан немесе өзге шарттардан бас тартады және келесілер бойынша ешбір кепілдік бермейді, міндеттеме алмайды және мәлімдеме жасамайды: (a) Қызметтерде немесе солар арқылы қолжетімді етілген кез келген мазмұнның толықтығы немесе дәлдігі, сенімділігі немесе уақыттылылығы; (ә) Қызметтерде немесе олар орналастырылған сервер(лер)де ақаулардың, қателердің, вирустардың немесе зиянкес элементтердің болмауы; (б) Қызметтердің жұмысындағы немесе функцияларындағы кез келген ақаулардың түзетілуі; (в) Қызметтердің белгілі бір функцияларымен сіз Қызметтерді пайдалану немесе оларға қатынасу нәтижесінде алған кез келген ақпараттың сенімділігі, сапасы немесе дәлдігі; (г) Қызметтердің қауіпсіздігі немесе қатесіз сипаты; (ғ) Қызметтердің сенімділігі, сапасы, дәлдігі, қолжетімділігі немесе қажеттіліктеріңізге сай болуы, белгілі бір нәтижелерді қамтамасыз ету, я болмаса белгілі бір нәтижелерге жету мүмкіндігі. Huawei тараптары Қызметтерді немесе Қызметтер арқылы алынған ақпаратты сіздің (немесе кез келген өзге тұлғаның) пайдалануыңыз, оларға сүйенуіңіз немесе оларды интерпретациялауыңыз себебінен толықтай немесе бөліктей орын алған шығындардың немесе зақымдардың ешбіріне жауапты болмайды.
Кейбір елдердің заңдары кейбір кепілдіктерді немесе міндеттемелерді келісімшарттан алып тастауға немесе оларды шектеуге рұқсат бермейді. Егер бұл заңдар сіз үшін қолданылатын болса, жоғарыдағы айрықшалықтардың кейбірі не ешбірі немесе шектеулер сізге қатысты болмауы мүмкін. Келісімдегі ешнәрсе сіз тұтынушы ретіндегі және келісімшарт бойынша өзгертуге не бас тартуға келісе алмайтын құқықтарға әсер етпейді.
12. Міндеттеме шектеуі
Сіздің юрисдикцияңызда қолданылатын заңдар барынша рұқсат ететін шамада Қызметтерге қатынасуға және оларды пайдалануға тек өзіңіз тәуекел аласыз және Huawei тараптары сізде немесе кез келген басқа тұлғада келісімшарт бойынша, азаматтық құқық бұзушылық (соның ішінде немқұрайлық) немесе кез келген басқа теория бойынша келесілердің кез келгені үшін орын алған бүкіл жауапкершіліктен, залалдан немесе шығындардан ашық түрде бас тартады:
(а) Табыстарды, кірістерді, түсімдерді, деректерді немесе беделді жоғалту;
(ә) Арнайы, тікелей емес немесе салдарлық шығын немесе зиян.
Қандай да бір шығындардың орын алу ықтималдылығы туралы Huawei-дің хабарландырылғанына немесе хабарландырылуы қажет болғанына қарамастан Келісімдегі шектеулер мен айрықшалықтар қолданыла береді.
Кез келген уақытта Қызметтердің қандай да бір аспектісіне келіспесеңіз, сіздің жалғыз құқықтық қорғану әдісіңіз — Қызметтерге қатынасуды және оларды пайдалануды тоқтату. Алдыңғы шектеулерге зиян келтірместен және юрисдикцияңызда қолданылатын заңдар барынша рұқсат ететін шамада, ешбір жағдайда Huawei тараптарының сіздің немесе кез келген басқа тұлғаның алдындағы келісімшарт, құқық бұзушылық (соның ішінде немқұрайлық) немесе кез келген басқа теория бойынша барлық шағымдар, сот процестері, жауапкершіліктер, міндеттемелер, зияндар, залалдар және шығындар үшін толық жауапкершілігі 50 еуродан аспайды.
Кейбір елдердің заңдары кейбір кепілдіктерді немесе міндеттемелерді келісімшарттан алып тастауға немесе оларды шектеуге рұқсат бермейді. Бұл заңдар сізге қолданылса, жоғарыдағы айрықшалықтардың немесе шектеулердің кейбірі немесе барлығы сізге қолданылмауы мүмкін және сізде қосымша құқықтар болуы мүмкін. Келісімдегі ешнәрсе сіз тұтынушы ретіндегі және келісімшарт бойынша өзгертуге не бас тартуға келісе алмайтын құқықтарға әсер етпейді.
13. Сіздің тоқтатуыңыз
Қызметтер қолданысын тоқтату арқылы Келісімді үзуге болады.
14. Huawei-дің уақытша немесе біржола тоқтатуы
Қолданыстағы заңдарға сай, біз ешбір тұлғаның немесе үшінші тараптың алдында жауапкершілік қабылдамай, Қызметтердің кейбір немесе барлық бөліктеріне қатынасыңызды кез келген уақытта уақытша немесе біржола кідіртуіміз, жоюымыз немесе шектеуіміз мүмкін. Мұны істеу алдында сізге ескерту жасауға тырысамыз. Алайда, келесі жағдайларда сізге алдын ала ескерту жібермей, Қызметтердің барлығына немесе қандай да бір бөліктеріне қатынасуыңызға дереу, біржола немесе уақытша шектеу салуымыз, жоюымыз, тоқтатуымыз немесе шектеуіміз мүмкін:
(1) Егер сіз Келісімді, соның ішінде оған кірістірілген қандай да бір келісімдерді, саясаттарды немесе нұсқауларды бұзсаңыз немесе Huawei солай ойласа;
(2) Егер сіз немесе сіздің атыңыздан әрекет ететін өзге тұлға алаяқтық немесе заңсыз түрде әрекет етсеңіз немесе Huawei-ге қандай да бір жалған не жаңылыстырушы ақпарат берсеңіз;
(3) Жарамды заң процесі бойынша құқық қорғау органдарының немесе басқа мемлекеттік агенттіктердің сұрауларына жауап ретінде;
(4) Жүйелерге немесе жабдыққа шұғыл техникалық қызмет көрсету немесе шұғыл жаңартулар енгізу жағдайында; немесе
(5) Күтпеген техникалық, қауіпсіздік, іскери себептерге байланысты.
Келісім мерзімінің аяқталуы немесе оның тоқтатылуы оның мерзімі аяқталғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін әрекет ете беретін немесе күшін сақтай беретін Келісім ережелеріне әсер етпейді және аталған құқықтарға немесе міндеттемелерге немесе Келісімнің тоқтатылуынан не жойылуынан кейін өз күшін сақтай беретін құқықтарға немесе міндеттемелерге ешбір зиян келтірмейді.
Келісім тоқтатылғаннан кейін тікелей немесе өз сипаты бойынша жарамды болып қала беретін кез келген шарт Келісім тоқтатылғаннан бастап осы шарт талаптары орындалғанға дейін немесе өз сипаты бойынша бұл шарттың мерзімі аяқталғанға дейін толық күшін сақтай береді.
15. Осы Келісімге өзгертулер енгізу
Huawei Қызметтерді үнемі жаңартады, өзгертеді және жетілдіреді. Huawei Қызметтерге функцияларды немесе мүмкіндіктерді қосуы не алып тастауы, жаңа шектеулер жасауы немесе Қызметтердің біреуін біржола немесе уақытша тоқтатуы мүмкін. Сондай-ақ, Huawei Қызметтерге енгізілетін жаңартулар негізінде кез келген уақытта Келісімді модификациялауы мүмкін.
Қызметтерге немесе Келісімге енгізілетін және пайдаланушыларға айтарлықтай қолайсыздық тудыратын немесе Қызметтерге қатынасуды не оларды пайдалануды айтарлықтай шектейтін кез келген өзгеріс туралы қисынды уақыт ішінде сізге хабарлаймыз. Қауіпсіздік, заң немесе нормативтік талаптарға сай болу үшін Келісімге енгізілетін өзгертулерге қатысты біз жоғарыда аталған уақыт аралықтарын сақтай алмауымыз мүмкін және сізге бұл өзгерістер туралы мүмкіндігінше тез хабарлаймыз.
16. Жалпы шарттар
Қызметтер немесе үшінші тараптар басқа веб-сайттарға немесе ресурстарға сілтемелер беруі мүмкін. Сіз біздің мұндай сыртқы веб-сайттардың немесе ресурстардың қолжетімділігіне жауапты емес екенімізді және осындай веб-сайттардағы немесе ресурстардағы ешбір қолжетімді мазмұнды, жарнаманы, өнімді немесе басқа материалды қолдамайтынымызды және оларға жауапты емес екенімізді растайсыз және осымен келісесіз. Кез келген осындай веб-сайтта немесе ресурстарда қолжетімді болған мұндай мазмұнды, тауарларды немесе қызметтерді пайдалануыңыздан туындайтын немесе болжалды түрде пайдаланудан туындаған немесе пайдалануға қатысты орын алған зақымдардың немесе шығындардың ешбіріне жауапты емеспіз.
Келісімдегі ешнәрсе сіз бен Huawei арасында серіктестік немесе агенттік қарым-қатынастың құрылғанын білдірмейді және тараптардың ешбірі бір-бірінің борыш міндеттемесін немесе шығынын көтеруге немесе бір-бірінің атынан келісімшарт не басқа келісімдерді жасасуға құқылы немесе уәкілетті болмайды.
Huawei компаниясы Huawei-дің қисынды бақылауынан тыс жағдайлар себебінен Келісім шеңберіндегі міндеттемелердің орындалуындағы немесе Қызметтердің жеткізілуіндегі қандай да бір ақаулыққа немесе кешігуге жауапты болмайды.
Huawei Келісім аясындағы біздің құқықтарымызды және міндеттемелерімізді үшінші тараптарға тағайындауы, мердігерлерге беруі немесе қайта рәсімдеуі мүмкін.
Егер Келісімнің қандай да бір ережесі құзыретті юрисдикция немесе өзге құзыретті орган тарапынан жарамсыз, күші жоқ немесе іске асуы мүмкін емес болып танылса, ол Келісімнен шығарылған деп есептеледі және Келісімнің барлық басқа ережелері толық күші мен жарамдылығын сақтай береді.
Бұл Келісім Қызметтерге қатысты сіз бен біздің арамыздағы бүкіл түсінікті құрайды және сіз осы Келісімде орын алмаған қандай да бір мәлімдеме, кепілдік немесе міндеттеме негізінде осы Келісімді мәжбүрлі түрде жасамағаныңызды растайсыз және оған келісесіз.
17. Реттеуші заңдар және юрисдикция
Келісімнің құрылуы, тұспалдануы және басқарылуы Қытай Халық Республикасының заңдарымен реттеледі және соларға сәйкес түсініледі. Сіз және Huawei компаниясы осы Келісімге Қытай Халық Республикасының Гуандун провинциясының Шэньчжэнь қаласындағы Лунган ауданында қол қойылатынына келісесіз. Екі тарап арасындағы Келісімдерді орындаудан туындайтын кез келген даулар келіссөздер арқылы шешілуі керек. Келіссөздер сәтсіз болса, кез келген тарап Келісімге қол қойылған жердегі тиісті құзыреттегі халықтық сотқа қуыным бере алады.
Егер Еуропалық Одаққа мүше елде тұратын тұтынушы болсаңыз, сіз өзіңіз резидент болып табылатын елдің заңының кез келген міндетті ережелерінің артықшылықтарын пайдаланасыз. Бұл Келісімдегі ешнәрсе, соның ішінде жоғарыдағы параграф жергілікті заңның осындай міндетті ережелеріне тұтынушы ретінде сенім арту құқықтарыңызға әсер етпейді. Еуропалық комиссия онлайн режимде дауларды шешу платформасын қамтамасыз етеді, оған http://ec.europa.eu/consumers/odr/ бойынша қатынасуға болады. Егер қандай да бір мәселені біздің назарымызға ұсынғыңыз келсе, бізбен байланысыңыз.
18. Бізбен байланысу
Егер Келісімге қатысты қандай да бір сұрағыңыз болса, hisuite@huawei.com бойынша бізбен байланысыңыз.
